ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласында “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында кең ауқымды сенбілік өтті. Бұл шара қаланы көгалдандыру, тазарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Сенбілік барысында Әл-Фараби ауданының тұрғындары да белсенділік танытып, қоршаған ортаны жақсарту үшін бірлесіп еңбек етті.
Аталмыш экологиялық шараға аудан әкімі Рашид Мыңбаев жетекшілік етті. Оған ауданның белсенді азаматтары, ардагерлері, жастар ұйымдары және қарапайым тұрғындар қосылды. Қатысушылар қала тазалығына өз үлестерін қосу үшін Ордабасы алаңынан бастап, Қошқар ата өзені бойын қоқыстан тазартты. Бұл өзен – қаланың табиғи байлығының бірі болғандықтан, оны қоқыстан арылту маңызды экологиялық қадам саналады.
Сенбілік барысында жиналған қоқыстар арнайы техника көмегімен шығарылып, ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасалды. Сонымен қатар, қатысушылар тұрғындарға экологиялық тазалықтың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаев сенбілікке қатысушыларға алғыс айтып, мұндай шаралардың экологиялық сана қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
“Қала тазалығы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біздің табиғатымызды, су көздерімізді қорғау – болашақ ұрпаққа қалдырар үлкен мұра. Бүгінгі сенбілік – осы бағытта жасалған маңызды қадамдардың бірі” – деді ол.
Бұл бастамаға түрлі мекеме қызметкерлері, студенттер мен еріктілер ұйымдары да белсенді қатысты. Қала тұрғындары мұндай экологиялық шараларды тұрақты өткізу қажеттігін атап өтті. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта да экологиялық акцияларды жиі ұйымдастырып, халықты қоршаған ортаны қорғауға шақыруды көздеп отыр.
Айта кету керек, “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында мұндай шаралар Шымкенттің өзге аудандарында да жалғасты. Қаланың көркі мен экологиялық ахуалын жақсарту – баршаның ортақ міндеті. Сондықтан әрбір азаматтың тазалық шараларына белсене қатысуы қоғам үшін аса маңызды.