ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданында 4 аула пайдалануға берілді

0
767

Қала әкімі М.Әйтенов абаттандырылған аулаларды тексеріп шықты.


ШЫМКЕНТ:  Әл-Фараби ауданында 4 аула пайдалануға берілді

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында 4 аула пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі М.Әйтенов абаттандырылған аулаларды тексеріп шықты.

Әл-Фараби ауданында қала күні мерекесіне орай А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген-ді.

Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.

«Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көп қабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.