Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитұлының төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде 2026 жылға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі бірлескен жұмыс жоспарын талқылау және бекіту, кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының ахуалы, жалақы берешегін жою шаралары, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық қаупі бар кәсіпорындардағы жағдайды талдау мәселелері қаралды.
Жиында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2026 жылға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі бірлескен жұмыс жоспарын таныстырды.
Басқарма басшысының дерегінше, жоспар еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді қарастыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және тараптар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Жоспарға сәйкес:
І тоқсанда кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының жай-күйіне талдау жүргізу және жалақы берешегін жою шаралары қарастырылады;
ІІ тоқсанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және еңбек заңнамасының сақталуы мәселелері талқыланады;
ІІІ тоқсанда «Еңбек күні», «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарына ұсынылған материалдар қаралады;
IV тоқсанда жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, комиссия қызметіне жалпы баға беріледі.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, бекітуге келісім берді.


