ШЫМКЕНТ: Арғымақ шағын ауданында әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда

0
47

Аудандағы 12 көшенің 8-і қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. 256 тұрғын үйдің шамамен 160-ында халық тұрып жатыр, қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.


 ШЫМКЕНТ: Арғымақ шағын ауданында әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда

Шымкентте Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағын ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек тарқатып айтып берді.

Қазіргі таңда ауданда мектеп салынбағанымен, 2,5 шақырым жердегі Құлагер шағын ауданында 2024 жылы 1200 орындық №147 мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектеп Арғымақ және Құлагер шағын аудандарының оқушыларына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ақжар шағын ауданындағы №122 мектепте де білім беру қызметі қолжетімді. Арғымақта мектеп жасындағы балалар саны 500-ге жетпейтіндіктен, жаңа мектеп салу жоспарда жоқ.

2022 жылдан бері 50 балаға арналған «Арғымақ» жекеменшік балабақшасы жұмыс істейді. Құлагер мен Ақжар шағын аудандарында орналасқан балабақшалар да мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етеді. Қосымша балабақша салу қажеттілігі туындамаған.
Емхана Арғымақ шағын ауданында салынбағанымен, тұрғындарға №11 қалалық емханаға қарасты Ақжар шағын ауданындағы амбулатория қызмет көрсетуде. Халық санының аз болуына байланысты жеке медициналық нысан салу қарастырылмаған.
Аудандағы 12 көшенің 8-і қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. 256 тұрғын үйдің шамамен 160-ында халық тұрып жатыр, қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Арғымақ шағын ауданы бойынша туындаған мәселелер алдағы уақытта да кезең-кезеңімен шешіле бермек.


Бөлісу