ШЫМКЕНТ: Биыл Солтүстік саяжай тұрғындары сапалы электрмен қамтылады

0
698

Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын.


ШЫМКЕНТ: Биыл Солтүстік саяжай тұрғындары сапалы электрмен қамтылады

Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмысы жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Соның бірі – Солтүстік саяжай елді мекені. Қазіргі уақытта Солтүстік саяжай елді мекенінде 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.

Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылып, 131 шақырым электр желілері тартылды. Сондай-ақ, қосылу көзі болып табылатын электр тарату станциясы іске қосылуға дайын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек – қазан айларында толық аяқталып, іске қосу жоспарлануда.
Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Солтүстік саяжай елді мекені өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Ал, табиғи газбен қамту құрылысы «Энергоресурс» ЖШС тарапынан жүргізілуде.
Құрылысы 2023 жылы аяқталып, солтүстік саяжайлықтар келесі жылы көгілдір отынмен қамтылады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады.

Айта кетейік, Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.

«Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр», - деді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері.