ШЫМКЕНТ: ​ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ

0
7

Мемлекет тарапынан 2,9 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, аурухананың тек қасбеті ғана емес, барлық инженерлік желілері, жылу мен су жүйелері, желдету және электр желілері халықаралық стандарттарға сай жаңартылды. Бұл инвестициялар емделушілерге заманауи талаптарға сай жағдайда ем алуға, ал медицина қызметкерлеріне озық технологияларды қолдана отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.


ШЫМКЕНТ: ​ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесінде адам капиталын сақтау мен инфрақұрылымды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мегаполистің медициналық әлеуетін жаңа белеске көтеріп отыр.

Бұл бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін атап өткен жөн.

Мәселен, 2025 жылғы желтоқсан айының басында Қалалық перзентханада дүниеге келген нәрестеге қойылған сирек кездесетін туа біткен патология — сарыуыз өзегінің толық жабылмауы (толық жыланкөз) диагнозы шымкенттік неонаталды хирургтардың кәсіби шеберлігінің арқасында сәтті емделді. Ішек пен кіндік арасындағы бұл ақау баланың өміріне тікелей қауіп төндіргендіктен, сәбиге өмірінің бесінші тәулігінде шұғыл хирургиялық ота жасалып, ақау толығымен жойылды. Отадан кейінгі алғашқы күндері жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен жансақтау бөлімінде жатқан нәрестенің жағдайы көп ұзамай оңала бастап, анасының жанына палатаға ауыстырылды.

Бұл оқиға — Шымкенттегі перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларында қалыптасқан мықты хирургиялық мектептің жемісі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаладағы неонаталды хирургтар осы уақытқа дейін 200-ге жуық сәбиге өте күрделі оталар жасап, олардың өмірін сақтап қалған.

Медициналық қызметтің сапасы тек дәрігерлердің біліктілігімен ғана емес, сонымен бірге заманауи ғимараттар мен жайлы жағдайлармен де өлшенеді. Осы орайда Шымкенттегі медициналық инфрақұрылымды жаңартудың ең ірі жобасы — №1 қалалық клиникалық аурухананың күрделі жөндеуден өтуі болып табылады. 1971 жылы пайдалануға берілген көне ғимарат екі жылға жуық уақыт бойы жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін танымастай өзгерді. Жалпы ауданы 26 мың шаршы метрден асатын, 530 төсек-орынға лайықталған бұл нысан қала халқына жедел және жоспарлы көмек көрсететін басты медициналық хаб болып саналады.

Мемлекет тарапынан 2,9 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, аурухананың тек қасбеті ғана емес, барлық инженерлік желілері, жылу мен су жүйелері, желдету және электр желілері халықаралық стандарттарға сай жаңартылды. Бұл инвестициялар емделушілерге заманауи талаптарға сай жағдайда ем алуға, ал медицина қызметкерлеріне озық технологияларды қолдана отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Шымкенттегі мұндай кешенді жаңғырту шаралары қаланың денсаулық сақтау саласын республикалық деңгейдегі үздік орталықтардың қатарына қосуды көздейді.

Бөлісу