Шымкент үшін 2026 жылдың ең маңызды тарихи сәттерінің бірі — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық «Салауатты қалалар» желісіне ресми түрде қосылуы болмақ.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі 2026 жылы дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілуді көздеп отыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген ауқымды жоспарлар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, инфрақұрылымды жаңартуға және халықаралық стандарттарды енгізуге бағытталған. Төменде осы бағыттағы негізгі стратегиялық жобалар мен бастамалардың егжей-тегжейлі талдауы берілген.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Шымкент үшін 2026 жылдың ең маңызды тарихи сәттерінің бірі — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық «Салауатты қалалар» желісіне ресми түрде қосылуы болмақ. Бұл жай ғана мәртебе емес, бұл — қалалық ортаны адам денсаулығына барынша қолайлы етіп қайта құру деген сөз.
Осы бастама аясында келесі профильдік бағыттар іске қосылады:
- «Салауатты университет»: Студент жастар арасында дұрыс тамақтану мен спортты насихаттау;
- «Салауатты ауруханалар»: Емдеу мекемелерінде пациентке бағытталған жайлы орта қалыптастыру;
- «Салауатты жұмыс орындары»: Кәсіпорындарда қызметкерлердің кәсіби ауруларының алдын алу жүйесін енгізу;
- Жастар денсаулық орталықтары: Жасөспірімдерге репродуктивті және психологиялық көмек көрсетуді жақсарту.
Шымкент әкімінің өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы қазірдің өзінде қаланың «денсаулық профилін» жасап, қысқаша талдау жүргізді. Бұл құжат қаланың экологиясынан бастап, медициналық инфрақұрылымына дейінгі барлық көрсеткіштерді қамтиды.
2026 жылы Шымкент медицинасының «технологиялық арсеналы» айтарлықтай толығады. Ең басты жаңалықтың бірі — қалада алғаш рет сүйек кемігін трансплантациялау әдісінің енгізілуі. Бұл гематологиялық және онкологиялық аурулары бар науқастар үшін өмірлік маңызы бар ота түрі болып табылады.
Сонымен қатар, амбулаториялық онкологиялық көмек орталығы - қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде анықтауға және науқастарды ауруханаға жатқызбай-ақ емдеуге мүмкіндік береді. ЧКВ (тері арқылы коронарлық араласу) орталықтары - №1 және №2 қалалық клиникалық ауруханалар базасындағы орталықтар модернизацияланып, соңғы үлгідегі ангиографиялық қондырғылармен жабдықталады. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға тікелей әсер етеді. Нефрологиялық орталық - №2 қалалық аурухана негізінде Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында салынатын бұл орталық бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға диализ және өзге де көмек түрлерін ұсынатын болады.
Балалардың денсаулығын сақтау — басым бағыт. Қазіргі таңда мектептерді заманауи стоматологиялық кабинеттермен жабдықтау жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін 16 жаңа кабинет ашылса, 2026 жылы бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып, қаланың барлық ірі мектептерін қамту жоспарлануда. Бұл балалар арасындағы кариестің алдын алуға және ерте жастан ауыз қуысы гигиенасын қалыптастыруға жол ашады.
Инфрақұрылым қаншалықты жақсы болғанымен, сапалы көмек маманға байланысты. Сондықтан 2026 жылы медицина қызметкерлерін даярлаудың жаңа моделі енгізіледі. Тәжірибелі дәрігерлер жас мамандарға өз білімдерін тікелей жұмыс орнында үйрететін болады. Шымкенттік дәрігерлер мен мейіргерлер әлемдік жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына тәжірибе алмасуға жіберіледі. Мейіргерлердің үйде көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын бақылау дағдыларын жетілдіруге арналған арнайы бағдарламалар іске қосылады.
Сонымен қатар, басқару тиімділігін арттыру мақсатында №4, №9, №10 және №11 емханаларды сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған, бұл жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
2026 жылы іске асырылатын бұл жобалар Шымкенттің денсаулық сақтау саласын цифрландырылған, жоғары технологиялық және адамға барынша жақын жүйеге айналдырмақ. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде Шымкент тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын арттыруға және денсаулық сапасын жақсартуға қызмет етеді.


