​ШЫМКЕНТ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

0
90


​ШЫМКЕНТ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы бүгінгі таңда тек өңірлік деңгейде ғана емес, жалпы республикалық масштабта серпінді дамудың, инновациялық жаңғырудың және сапалы медициналық қызмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналып отыр.

2025 жылдың қараша айына дейінгі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мегаполистің медициналық әлеуеті мен кадрлық ресурсы айтарлықтай нығайған. Қазіргі таңда қала тұрғындары мен қонақтарына 16 626 жоғары білікті медицина маманы қажымай қызмет көрсетуде. Бұл үлкен армияның құрамында 5 289 кәсіби дәрігер және 11 337 орта буынды медицина қызметкері бар. Қала халқының саны жыл басынан бері 1,9%-ға өсіп, ресми түрде 1,27 миллионнан асқанын ескерсек, медициналық қызметке деген сұраныстың да артып отырғаны заңдылық.

Дегенмен, қала билігі мен денсаулық сақтау басқармасының жүйелі жұмысының арқасында дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші елдік деңгейден сәл жоғарылап, әр 10 мың адамға шаққанда 41,6-ны құрады, ал орта буынды мамандар бойынша бұл көрсеткіш 89,1-ге жетті. Бұл сандар мегаполистің кадр тапшылығы мәселесін шешудегі пәрменді қадамдарын айқындайды.Қаланың медициналық инфрақұрылымы да заман талабына сай әртараптандырылған.

Бүгінде Шымкентте 59 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді, олардың 50%-дан астамы жекеменшік сектор үлесінде, бұл медицинадағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасының жақсаруына тікелей ықпал етуде. Тәуліктік стационарлық көмек көрсету мақсатында 47 медициналық мекеме 4 870 төсек қорымен жабдықталса, күндізгі стационарлық көмек көрсететін 137 мекемеде 2 505 төсек орны қарастырылған. Бұл қуаттылық қала тұрғындарына кез келген уақытта шұғыл және жоспарлы көмек алуға мүмкіндік береді.

2025 жыл Шымкент медицинасы үшін нағыз «алтын дәуір» болды десек артық айтқандық емес. Жергілікті бюджеттің қолдауымен 54 дәрігер әлемнің озық клиникаларында біліктілігін арттырып қайтса, 250 маман елімізде өткен жоғары деңгейлі мастер-класстар мен менторлық бағдарламалардың қатысушысы атанды. Осындай кәсіби өсудің нәтижесінде қалада балалар кардиохирургиясы, неонаталды хирургия және «бір күндік клиника» сияқты заманауи бөлімшелер есігін айқара ашты.

Жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) саласындағы жетістіктер де көңіл қуантады: биылғы жылы 1 жүрек трансплантациясы, 17 бүйрек трансплантациясы және 1 140 күрделі жоғары технологиялық ота сәтті жасалды. Әсіресе, Шымкент қалалық онкологиялық орталығында алғаш рет жасалған «Кеңірдек бифуркациясын резекциялау» отасы қала хирургиясының әлемдік деңгейге көтерілгенін паш етті.

Сонымен қатар, «Шымкент жүрек орталығы» базасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығының ашылуы қаланың ғылыми-медициналық орталық ретіндегі мәртебесін бекітті. Материалдық-техникалық жабдықтау деңгейінің 79%-дан 90%-ға дейін күрт өсуі, жедел жәрдем қызметінің толықтай жаңа автокөліктермен қамтылуы шұғыл көмектің жеделдігін арттырды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де мүлтіксіз жолға қойылды: «СҚ-Фармация» арқылы 89 ұйымға амбулаториялық деңгейде 15,9 млрд теңгеге, стационарлық деңгейде 18,5 млрд теңгеге препараттар жеткізілді. «Әлеуметтік әмиян» жобасының сәтті енгізілуі арқасында рецепттердің 92,5%-ы электронды түрде қамтамасыз етіліп, орфандық (сирек) ауруы бар науқастар қажетті дәрілерін толық көлемде алды.

Барлық бұл кешенді шаралар – Шымкенттің адам капиталына салған инвестициясы және тұрғындардың денсаулығын сақтау жолындағы мемлекеттік қамқорлықтың шынайы көрінісі.

Бөлісу