Жәрмеңкеге 12 жұмыс беруші қатысып, 90-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Тұрдыабад тұрғын алабы Қаратөбе мәдениет үйінде аудан тұрғындарына арналған ақпараттық-насихаттық сипаттағы шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараны Шымкент қаласы «Еңбек мобилділігі орталығы» КММ-нің Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығы аудан әкімдігімен бірлесіп өткізді. Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету және мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат беру.
Жәрмеңкеге 12 жұмыс беруші қатысып, 90-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Атап айтқанда, «Е.Юсупов атындағы №104 орта мектеп» КММ, «№97 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ, «БАЛ ТЕКСТИЛЬ» ЖШС, «SHYMKENT QAGAZY» ЖШС, «Орта-Азиялық жоғары техникалық және педагогикалық колледжі» жеке мекемесі, «Назар-Текстиль» ЖШС, «АРТ-Құрылыс» ЖШС, Шымкент аграрлық-техникалық колледжі және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының «Еңбекші» КММ секілді мекемелер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды.
Іс-шара барысында 60-70-тен астам азаматқа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге Enbek.kz порталы арқылы жұмыс іздеушілерді тіркеу және бос жұмыс орындарын орналастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.


