«Ізетті зейнеткер» кешенінің өзінде биылдың өзінде 2 332 қарт адам денсаулығын түзесе, жалпы қала бойынша түрлі бағыттағы шипажайлық қызметтермен 7 282 зейнеткер қамтылған. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің әлеуметтік саясатының басым бағыты қарттарға құрмет көрсету және олардың белсенді ұзақ өмір сүруіне жағдай жасау екенін нақтылай түседі.
Шымкент қаласында қарттардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және денсаулығын жүйелі түрде нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы ең маңызды жобалардың бірі — Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінің қызметі.
Бозарық шағынауданының таза ауасы мен тыныш аймағында орналасқан бұл шипажай бүгінде қала ардагерлері үшін нағыз сауықтыру орталығына айналып отыр. Кешен бір уақытта 120 адамды қабылдауға қауқарлы және мұнда келушілерге 10 күн бойы жоғары деңгейдегі медициналық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Зейнеткерлердің денсаулық ерекшеліктеріне байланысты мұнда 25 түрлі емдік процедура қарастырылған. Бұл процедуралар ағзаның функционалдық жағдайын жақсартуға, созылмалы аурулардың алдын алуға және иммунитетті көтеруге бағытталған.
Кешенде таңертеңгілік емдік дене шынықтыру сабақтарынан бастап, заманауи тренажерлар мен арнайы құрылғыларды қолдану арқылы жүргізілетін физиотерапиялық шараларға дейін толық қамтылған. Дәрігерлердің қатаң бақылауымен демалушыларға электромагнитті терапия, сумен емдеу процедуралары (ванналар мен душтар) және шипалы дәрілік шөп шайлары ұсынылады. Сонымен қатар, қарттардың тамақтану рационына да ерекше мән беріліп, күніне төрт мезгіл дәрумендерге бай, теңгерімді ыстық тамақ беріледі.
Шымкент қаласында зейнеткерлерді шипажайлық-курорттық емдеумен қамту мәселесі цифрлық технологиялардың көмегімен барынша ашық әрі қолжетімді етілген. Жолдама алу процесі geo-shym.kz порталы арқылы электронды кезек негізінде жүзеге асырылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, әділдікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда қала бойынша 29 мыңға жуық зейнеткер кезекте тұрғанын ескерсек, бұл қызметке деген сұраныстың өте жоғары екенін көруге болады. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында қала әкімінің тікелей бастамасымен және қалалық мәслихаттың қолдауымен биыл зейнеткерлерге арналған жолдамалар саны айтарлықтай ұлғайтылды. Атап айтқанда, биылғы жылы 5 500 зейнеткерді шипажаймен қамту жоспарланған болатын. 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, 4 982 еңбек ардагеріне жолдама беріліп, олардың басым бөлігі ем-сауық шараларынан өтіп үлгерді.
Тікелей «Ізетті зейнеткер» кешенінің өзінде биылдың өзінде 2 332 қарт адам денсаулығын түзесе, жалпы қала бойынша түрлі бағыттағы шипажайлық қызметтермен 7 282 зейнеткер қамтылған. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің әлеуметтік саясатының басым бағыты қарттарға құрмет көрсету және олардың белсенді ұзақ өмір сүруіне жағдай жасау екенін нақтылай түседі.


