ШЫМКЕНТ: Қайнарбұлақ тұрғын алабында спорт кешені салынады

0
842


ШЫМКЕНТ: Қайнарбұлақ тұрғын алабында спорт кешені салынады

ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Қайнарбұлақ және Нұршуақ шағынауданындағы тұрғындармен жүздесіп, бірқатар мәселенің түйінін тарқатты.

Көшпелі кездесуде қала басшысы жауаптыларға Қайнарбұлақтағы мектеп жанындағы бос жерге халықтың сұранысы бойынша спорт кешенін салуға тапсырма берді. Сондай-ақ Мәдениет үйінен уақыттарын тиімді өткізу үшін қарттарға арналған демалыс орнын қарастыруды міндеттеді. Оған қоса, өз қаражатынан демалыс аймағын салатын кәсіпкерге жер телімін рәсімдеу үшін қолдау білдіруді жүктеді.
Нұршуақ шағынауданында тұрғындардың өтініші негізінде бос жер телімін рәсімдеп, балалар ойын алаңшасы мен аллея салу мүмкіндігі қарастырылатын болды. Ал жаңадан пайдалануға берілген спорт кешенінде балаларға арналған тегін спорт секциялары ашылады. Аталған аумақта биыл бірқатар көше асфальтталып, бейнекамералар орнатылып, интернет сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жұмыс жоспарына сәйкес, Ғабит Әбдімәжитұлы Орманов көшесіндегі ауласы тар № 42 көпқабатты тұрғын үйдің мәселесімен танысты. Бұқараның сұранысы бойынша аталған үйдің жанындағы бос жерге балалар ойын алаңшасы салынады. Осы орайда аталған тұрғын үйдің қасында орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамы» оқу-өндiрiстiк кәсiпорнындағы жандар өтініштерін білдірді. Қала әкімі азаматтардың тілегін назарға алып, арнайы көмек көрсетілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, қала басшысы аралау кезінде «Magnum» супермаркетіндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сапасы мен бағасын бақылап, кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.