Қала әкімі жауаптыларға шығармашылық ұжымның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әзіл-сықақ және сатира театрында болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
1949 жылы пайдалануға берілген нысан тозығы жеткендіктен күрделі жөндеуге жарамсыз деп танылған. Сондықтан театр қызмектерлері жаңа ғимарат салып беруді сұраған болатын.
Бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 20-дан астам түрлі жанрдағы қойылымдары бар. Қазір мұнда 88 қызметкер жұмыс істейді. Театр ұжымы драмалық, комедиялық шығармалармен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған түрлі қойылымдарды қоюмен, концерттік, ойын-сауықтық бағдарламалар ұсынумен ерекшеленді. Былтыр әртістер «Айтқыштар Ақтөбеде» респуликалық әзіл-сықақ байқауында және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған фестивальде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі I орынды иеленді.
Қала әкімі жауаптыларға шығармашылық ұжымның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сала басшыларына театрдың ғимарат мәселесін шешуде ұсыныстар әзірлеу қажеттігін жеткізді.