Шымкент қаласында биыл жастарға жалдамалы 900 пәтер беру жоспарлануда

0
533

Тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады


Шымкент қаласында биыл жастарға жалдамалы 900 пәтер беру жоспарлануда

ERNUR.KZ. 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында баспана мәселесіне байланысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исламов Азат Рахымбердіұлы өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында өткен баспасөз брифингінде баяндады.

Азат Рахымбердіұлының айтуынша, биыл Шымкентте 364 пәтер құрылысы жүргізілуде, аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарлануда.
Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай кезектегі азаматтарға, соның ішінде тұрғын үй кезегі келген 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер берілмек.

Спикердің сөзінше, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алу құқығынсыз арендалық 1687 пәтер беру жоспарланып, оның ішінде 1407-і пәтер табысталған. Оның ішінде: жұмысшы жастарға жастарға -888 пәтер, жетім балалар – 122, көпбалалы отбасылар – 131, әлеуметтік осал топ – 160, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер-106 берілді. Қалған 280 пәтер 2024 жылға өтпелі (96 пәтері қоныстандырылды, 184 пәтері алдағы уақытта қоныстандырылады).

Сондай-ақ 2023 жылы 150 отбасы «қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы баспаналы болды.

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 51 015 азамат тіркелген. Оның ішінде:

- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша - 1915;
- көпбалалы отбасылар 13 982;
- халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702;
- мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17 381;

- жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 22.

2023 жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңға 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде: 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар – 75; толық емес отбасылар – 16; мүгедектігі бар баланы асыраушы отбасылар – 48; бюджеттік мекеме қызметкерлері – 39; көпбалалы отбасылар – 31; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 6.

Айта кету керек, 2024 жылға 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған.