ШЫМКЕНТ: кезекті аппарат отырысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды

0
97

Атмосфералық ауаның сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінуде.


ШЫМКЕНТ: кезекті аппарат отырысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте Шымкент қаласындағы экологиялық ахуал, техникалық реттеу және метрология саласының қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері, қоғамдық көлікті дамыту, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіптің экспортқа бағдарланған кәсіпорындарының қызметі қаралды.

Қалалық Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың мәліметінше, биылғы бес айда 26 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 39 әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар, сот шешімімен экологиялық заңнаманы бұзған үш кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылды.
Атмосфералық ауаның сапасын бақылауға ерекше көңіл бөлінуде. Қаланың төрт ірі кәсіпорнында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелері енгізілген. Сондай-ақ, Полиция департаментімен бірлесіп, белгіленген шығарындылар нормасынан асатын көлік құралдарын анықтау бойынша рейдтер жалғасуда.
Бұдан бөлек, ғарыштық мониторинг нәтижесінде қалдық заңсыз тасталған 31 орын анықталды. Оларды жою мақсатында аудан әкімдіктері мен полицияның аумақтық бөлімшелеріне тиісті тапсырмалар берілді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Төлеген Телғараев өз баяндамасында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, нарықта белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың айналымына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Басым бағыттардың қатарында аттракциондардың, балалар ойын алаңдарының және лифтілердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды күшейту мәселесі аталды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, бүгінде қалада 83 автобус бағыты жұмыс істейді. Жолаушылар тасымалын 14 компания жүзеге асырып, күн сайын желіге 988 автобус шығады.
Биыл алты айда 55 миллионнан астам жолаушы тасымалданған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда автобус паркі 1150 көлік құралынан тұрады. Қоғамдық көлікті жаңарту аясында биыл бағыттарға 47 жаңа автобус шығарылып, қосымша тағы 267 автобус сатып алу жоспарлануда.
Сонымен қатар, автобустар бағытын оңтайландыру, тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасуда. Келісімшарт талаптарын бұзу фактілері анықталып, жекелеген бағыттар бойынша келісімшарттарды бұзуға дейінгі шаралар қабылданды. Сондай-ақ, аялдамаларға «ақылды» медиатаблолар орнату секілді цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда.
Баяндамашы қаладағы жол жүру тарифі 2016 жылдан бері өзгермегенін атап өтті. Тасымалдаушылар шығындарының өсуіне байланысты келесі жылдан бастап жолақы құнын 100 теңгеге дейін көтеру ұсынылды. Бұл қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Негізгі жұмыстың қатарында жолақы төлеуді бақылауды күшейту және билетсіз жүруді анықтайтын цифрлық жүйелерді енгізу бар.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрмановтың айтуынша, биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Шымкенттің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 12,9 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 95,4%-ды құрады. Салада 184 кәсіпорын жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 28,9 млн АҚШ долларын немесе қала экспортының жалпы көлемінің 4,7%-ын құрады. Сонымен қатар, кәсіпорындарға «QazTrade» және «Kazakh Export» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілуде. 2025 жылы сала кәсіпорындарына 26,8 млн теңге көлемінде қолдау берілді.
2026-2028 жылдары жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы құны 10,1 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 580 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қала әкімі қойылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды күшейтіп, жоспарланған барлық іс-шараның уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бөлісу