ШЫМКЕНТ: ХҚКО қызметкерлері "Мен донормын" акциясын өткізді

0
1 038


ШЫМКЕНТ:  ХҚКО қызметкерлері

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қаласы бойынша филиалында «Мен — Донормын» қайырымдылық акциясы өткізді — деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Филиал кеңсесіне Қан қызметінің көшпелі бригадасы келіп, корпорация қызметкерлері жұмыс процесіне алаңдап, кедергі келтірмей қан тапсырды. Игі іске ұжымдағы басшыдан бастап, фронт-офис қызметкерлері, жас жігіттер мен талдырмаш қыздар, жаңадан келген мамандар мен тәжірибелі донорлар да қатысып, ұзын саны 50 қызметкер донор болса, олардан 25 литрге жуық қан алынды.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгін жиналған қан бұл деңгейдегі акция үшін айтарлықтай нәтиже. Енді осы жұмыстардың арқасында қажет қан халі ауыр науқастар мен онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталатын болады.

«Бірінші рет қан өткізіп отырғаным жоқ. Біздің мекеменің донорлық акцияға қатысқандығы қуантады. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың көп болуын және Қан қызметі мамандарының бізге жиі келуін қалар едім. Бәріміз біріксек үлкен күшке айналып, мұқтаж жандарды қолдап, оларға көмектесеміз», — деді филиалдың бас есепшісі Әлия Лесова.

«Жұмысымыздың қатаң тәртібіне қарамастан, донорлық акцияны кеңсемізде ұйымдастыра алғанымызға өте қуаныштымын. Алғаш рет қан тапсырып отырғаным жоқ. Мұны науқасқа көмек көрсету тұрғысынан да, донордың өзі үшін де өте маңызды іс деп санаймын. Қан тапсырғысы келетін әріптестеріміз көп, мені бұл таң қалдырмайды. Өйткені, біздің ортақ құндылықтарымыз бар. Ал өзгелерге көмек көрсетіп, қол ұшын созу тек қана біріктіреді. Біз осындай акцияларды өткізуді міндетті түрде жалғастырамыз. Себебі, тек қан беру ғана емес, үнемі қан тапсырып отыру да маңызды», — деді филиал директоры Бахыт Басымбек.

Біз барлық акция қатысушылары — донорларға, ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз және барлығына зор денсаулық пен жақсы көңіл-күй тілейміз!

дереккөз: Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі