Курьерлер көлік нөмері мен техқұжатты үйіңізге жеткізіп береді
Енді автокөлік иелері қайта тіркеген көліктің тіркеу нөмірі мен техникалық паспортын алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» курьерлері көліктің құжаттарын өтініште көрсетілген мекенжайға жеткізіп береді.
«МТНБ және КҚТК-ны үйге жеткізу» қызметін электрондық үкімет порталында онлайн рәсімдеуге болады. Мәселен, биыл қаңтар айында шымкенттіктерге 30-ға жуық мемлекеттік нөмірлер мен тіркеу куәліктері қызмет алушылардың үйлеріне жеткізілді.
- Өтінімді рәсімдеу үшін «Электрондық үкімет» порталына кіріп, іздеу жүйесі арқылы «Көлік және коммуникациялар» қызметін тауып, «Автомобиль көлігі» бөлімшесінде «МТНБ және КҚТК-ны үйге жеткізу» қызметін белгілеп, содан кейін авторизациядан өтіп, тапсырыс жасау қажет. Сондай-ақ жаңа және алынатын МТНБ, КҚТК, мамандандырылған ХҚО атауы мен мекенжайын көрсете отырып, өтінімде көрсетілген барлық қажетті ақпаратты толтыру шарт. Қызметке баж салығын төлеп, ЭЦҚ арқылы немесе бір реттік смс-пароль арқылы тіркелу керек, - деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Үйге жеткізу қызметін пайдалану үшін 2240 теңге төленеді. Қызмет тек жеке тұлғаларға ғана қолжетімді. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.