Қызмет құны: техпаспорт – 3646,25 тг, көліктің жаңа нөмірі – 8167,60 тг, тіркеу үшін – 729,25 тг.
Шымкентте көліктерді kaspi.kz қосымшасы арқылы тіркеуге болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұған дейін автокөлік тек автоХҚО-да немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеліп келген болса, енді ешқайда бармай, kaspi.kz қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Бұл үшін сатушы мен сатып алушы барлық қажет мәліметтерді толтыруы керек.
САТУШЫ: kaspi.kz қосымшасына кіріп, мемлекеттік қызметтер бөлімінен «Автокөлікті қайта рәсімдеу» қызметін таңдайды. Көлікті "Тіркеуден шығару" батырмасын басып, айыппұл мен салық берешегі туралы ақпаратты тексеруге болады. Бұдан кейін сатып алушының ЖСН нөмірі мен көліктің сатылатын бағасы толтырылады. Егер сатушы көліктің нөмір белгісін сақтап қаламын десе, тиісті жерге белгі қоюы тиіс. Соңында сатушы электронды қолтаңбасы арқылы көлікті тіркеуден шығарады.
САТЫП АЛУШЫ: қосымшада «Автокөлікті тіркеуге қою» батырмасын басып, көлік жайлы мәліметтерді растайды. Көлікті сатып алу бағасын төлеп, мемлекеттік тіркеу нөмірін қай автоХҚО-дан алатынын көрсетеді. Бұдан кейін нөмір белгісі мен техпаспорт, тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Көліктің тіркелгені жайлы хабар Kaspi қосымшасына 3 сағат ішінде келеді.
«Азаматтар автокөлік орталығына бармай-ақ, көлікті қайта тіркеп, тіпті жүргізуші куәлігін ауыстыра да алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеп қана қоймай, қызмет алу барысындағы адами факторды толығымен жояды. Кезекте тұру қажеттілігінен босатып, сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығының артуына ықпал етеді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Еске сала кетейік, автоХҚО-ға бармай-ақ нөмір белгісін таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті жеткізуді онлайн ресімдеуге болады. «МТНБ мен техпаспортты жеткізу» қызметіне eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсырыс беруге болады.