ШЫМКЕНТ: "Көршіге ізет" күні аталып өтті

0
1 472

Шымкентте 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, бекітілген шаралар кестесі бойынша «Көршіге ізет» күні аталып өтілді.


ШЫМКЕНТ:

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Шымкентте басталған апталықтың үшінші күні - «Көршіге ізет» атауымен жалғасын табуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Шымкент қаласы қарасты, Сайрам тұрғын алабындағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қариялары мен абыройлы азаматтарын дастарханға сыйлы қонақ ретінде шақырды. Мерекелік жиында тұрғындар бір-біріне ілтипат білдіріп, жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын жеткізді.
Аталмыш басқосуда сөз алған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдегі берекелі бірлікті сақтап, оны одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.
"Бүгінгі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, оның қадірін жете ұғынсақ, жастардың санасын кері түсініктерден тазартсақ, біз барлық асулардан асамыз. Ал, ішкі татулықтың қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды жауапкершілік екенін сезінуге міндеттіміз. Және де осындай жайдары жүздесулер тек осы күнмен шектелмей, дәстүрлі жалғасқанын жөн деп білемін", - деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Сонымен бірге, ҚР Парламентінің экс-депутаты, өзбек ақсақалы Розақұл Халмұрадов халқымыз 4 жылдан бері атап өтіп келе жатқан Алғыс айту күнінің маңызын сөз етті.
"Өздеріңізге белгілі, қиын-қыстау заманда қазақ жеріне көптеген халықтар күштеп жер аударылды. Сол кезеңде жергілікті жұрттың оларға үлкен қамқорлық көрсеткенін, өздерінің жағдайы ауыр болса да, барын бөлісіп, тату-тәтті тірлік еткенін этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары ұмытпайды. Бұл күнде барлық қазақстандықтардың бір-біріне және осы адамдарды жатсынбай бауырына басқан, барынша қамқорлық білдірген қазақтарға алғыс айтуы тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл мереке - біртұтастықтың, ынтымақтастық пен татулықтың мерекесі",- деді Р.Халмұрадов.
Сондай-ақ,жиында Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Шалатай Мырзахметов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай құттықтау сөз сөйлеп, ынтымақ, бірліктің маңызы жөнінде мағыналы әңгіме өрбітті.
Одан бөлек, қалалық мәслихат депутаттары, түрлі этномәдени бірлестіктің басшылары елдегі берекелі бірлікті сақтау жайлы сөз қозғады.
Қалада жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік жиындар 1 наурызға дейін жалғасады. Ертең 25 ақпан – «Ұстазға құрмет» күніне ұласады.