ШЫМКЕНТ: ҚР Парламенті Сенатының депутаты жастармен кездесті

0
864

Депутат қаланың белсенді жастарымен кездесіп, алдағы конституциялық реформаларды түсіндірді.


ШЫМКЕНТ: ҚР Парламенті Сенатының депутаты жастармен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаровтың кезекті кездесуі «Жастар ресурстық орталығында» жалғасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Депутат қаланың белсенді жастарымен кездесіп, алдағы конституциялық реформаларды түсіндірді. Жүздесуге Шымкент қаласындағы ЖОО студенттері, әртүрлі саладағы белсенді жастар және жас кәсіпкерлер қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Депутат еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен алда өтетін республикалық референдумның жастар үшін аса маңызды екенін айтып, әділетті жаңа Қазақстанды құруда жастардың рөліне баса назар аударды.
Нұрлан Бекназаров жалпыхалықтық референдумға қатысу әрбір азамат үшін үлкен саяси мүмкіндік екенін атап өтті.
Жаңа Қазақстанды құру үшін жаңа идеялар, жаңа бастамалар керек. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттің, қоғамның өміріне елеулі өзгеріс әкеледі. Бұл ретте жастар, аға буын өкілдері жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ел өміріндегі саяси маңызы зор оқиғаға баршаңызды белсене қатысуға шақырамын, - деді Н.Бекназаров.

Сенатор Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына іс-сапары барысында жаңа сайланған Қоғамдық кеңес мүшелерімен және қалалық мәслихат депутаттарымен де кездесті.

Жиын барысында депутат Парламент қабырғасында қаралып, қабылданып жатқан заңдардың маңызыдылығы мен өзектілігіне тоқталып, қоғамдық кеңес жұмысымен танысып, алдағы конституциялық реформа мәселелерін талқылады.
Аталған талқылауға қатысушылар еліміздің ата заңының 33 бабына енгізілетін 56 толықтырулар бойынша қойылған сұрақтарына жауаптар алып, бірауыздан қолдайтынын білдірді.

- Еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер демократиялық жаңарулар мен ел дамуындағы маңызды реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ алдағы республикалық референдумның тарихилығын ескере отырып, маңызды саяси шараға белсенді қатысуға шақырамын, - деді Сенатор.