Мегаполис шаһар бүгінде мәдениет пен руханияттың маңызды орталығы
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиын барысында мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері марапатталып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті.
— Мегаполис шаһар бүгінде мәдениет пен руханияттың маңызды орталығына айналды. Қала тұрғындарының мәдени деңгейін арттыру бағытында көптеген мәдениет ошақтары жаңғыртылды. Қаланың рухани өмірін дамытуда, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Шымкент қаласында кітап оқуды дәріптеу мақсатында үш жыл қатарынан «Абай оқулары» ұйымдастырылды. Балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған бірнеше жоба қолға алынды.
Сондай-ақ кітапханалар мен архив саласын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Театрлардың қызметі жанданып келеді. Жалпы алғанда, мәдениет пен өнердің барлық бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен және қала әкімінің қолдауымен жүзеге асуда, — деді қала әкімінің орынбасары.


