Шымкент медицинасында жоғары технология мен цифрландыру қарқынды дамуда

0
57

Қаладағы ірі жетістіктердің бірі – №1 қалалық клиникалық ауруханада 248-ші бүйрек трансплантациясының сәтті жүргізілуі.


Шымкент медицинасында жоғары технология мен цифрландыру қарқынды дамуда

Шымкентте денсаулық сақтау саласы соңғы жылдары сапалық жаңа деңгейге көтеріліп, жоғары технологиялық медициналық қызмет пен цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде.

2026 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстар осы бағыттағы нақты нәтижелерді көрсетті.

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында денсаулық сақтау саласын дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында баспасөз жиынында айтылды.

Қаладағы ірі жетістіктердің бірі – №1 қалалық клиникалық ауруханада 248-ші бүйрек трансплантациясының сәтті жүргізілуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі трансплантология саласының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Сонымен қатар, жоғары технологиялық медициналық көмек аясында тоқсан ішінде 106 ота жасалып, оның басым бөлігі кардиохирургиялық операцияларға тиесілі болды.
Саланың материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай нығайтылуда. Қалалық медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 88,45 пайызға жетті. Сонымен қатар, емдеу мекемелері заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттарымен қамтамасыз етіліп, бірқатар емхана мен ауруханаларға жалпы 12 дана құрылғы берілді.
Цифрландыру – денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қалада жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Атап айтқанда, қатерлі ісіктерді, өкпе және жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін «PACS Systems» жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, емханаларда «PULS-AI» жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымды жаңғырту аясында №3 қалалық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел жәрдем қызметкерлері видеожетондармен қамтамасыз етіліп, стационарлардың қабылдау бөлімдері жедел басқару орталығына қосылды.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы заманауи технологиялармен жабдықталып, цифрландыру мен жоғары технологиялық көмекті дамыту арқылы жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бөлісу