ШЫМКЕНТ: NEET санатындағы жастарды қолдауға мемлекет ерекше көңіл бөліп жатыр

0
602

NEET - бұл экономикалық, әлеуметтік немесе саяси сипаттағы әртүрлі факторларға байланысты жұмыс істемейтін және еш жерде оқымайтын жастардың топтастығы.


ШЫМКЕНТ: NEET санатындағы жастарды қолдауға мемлекет ерекше көңіл бөліп жатыр

NEET санатындағы жастарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" КММ басшысы Заманбек Орынбеков айтты.
«Бүгінде Шымкент қаласы аумағында 14-35 жас аралығында 381 796 жас бар. Бұл жалпы қала тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Қалада 2023-2024 оқу жылында 265 мектепте 265 мыңға жуық оқушы, 8 жоғары оқу орнында 74 451 студент және 38 орта арнаулы оқу орнында 49 493 студент білім алуда. Бүгінде жастар арасында NEET деген ұғым бар - бұл экономикалық, әлеуметтік немесе саяси сипаттағы әртүрлі факторларға байланысты жұмыс істемейтін және еш жерде оқымайтын жастардың топтастығы. Қазақстанда соңғы жылдары NEET санатындағы жастарды қолдау мәселелеріне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде», - деді З.Орынбеков.
Шымкент қаласында 2023 жылы жүргізілген статистикалық мәлімет бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу мақсатында жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталып, тізімдегі жастарға жеке-жеке қоңырау шалу арқылы мемелекеттік бағдарламалар, гранттар, шағын несие туралы, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген
Сонымен қатар 2024 жылы NEET санатындағы жастардың санын азайту мақсатында Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топпен» жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша шалғай елді мекендерде және базарларда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында қаламыздың 9 базарында және шалғай елді мекендердің 13 000 жуық жастарына ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.