Қазіргі таңда бұл нұсқамалардың негізінде мектептердің алдындағы жаяу жүргінші жолақтары толықтай жаңартылып, жол белгілерін жауып қалған ағаш бұталарын кесу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар атқарылуда. Полиция департаментінің бастамасымен қаладағы барлық мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар мен балабақша алдындағы жолдар зерделеніп, жол қозғалысының қауіпсіздігі тексерілді.
Спикердің айтуынша, Шымкенттегі 162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдеріндегі жолақтар мен жол таңбаларының жағдайы қаралып, тиісті жол белгілері мен техникалық құралдардың түгелдігіне ерекше назар аударылды. Биылғы жылы қолданысқа берілген жаңа мектептердің маңындағы жол инфрақұрылымы да бақылаудан өтті. Әсіресе жаяу жүргінші өткелдерінің алдында орнатылуы тиіс негізгі жол белгілері бойынша (5.16.1, 5.16.2 – жаяу жүргіншілер өткелі, 1.21 – балалар, 3.24 – жылдамдықты шектеу, 1.16.1 – жасанды бұдырлық) Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нақты нұсқамалар берілді.