Болашақ жоспарлар да ауқымды. Қалада қосымша 1 585 гектар аумақта жаңа өндірістік алаңдар құру көзделген.
Шымкент қаласының өнеркәсіп саласы 2025 жылы тұрақты өсім мен ауқымды инвестициялық серпін көрсетіп отыр. 1 желтоқсанға дейінгі мәліметке сәйкес, қалада белсенді жұмыс істеп тұрған 808 өнеркәсіп кәсіпорны бар. Оның 19-ы ірі, 44-і орта және 745-і шағын кәсіпорын болса, негізгі салмақ өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл секторда 710 кәсіпорын жұмыс істейді.
2025 жылдың қаңтар–қараша айларында Шымкент кәсіпорындары 1,36 трлн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайыздық өсімге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында 5-орында тұр. Ал өнеркәсіп құрылымының 89,4 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1,2 трлн теңгеден астам өнім шығарылып, нақты көлем индексі 115,8 пайызға жетті. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Өңдеу саласының бірқатар бағытында айтарлықтай серпін байқалады. Әсіресе химия өнеркәсібі 87,7 пайызға, машина жасау 53,3 пайызға, қағаз және қағаз өнімдері өндірісі 52,6 пайызға артқан. Сусындар өндірісі 2,8 есеге өссе, тамақ өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары, құрылыс материалдары мен мұнай өнімдерін қайта өңдеу салалары да оң динамика көрсетті.
Дегенмен кейбір салаларда төмендеу бар. Фармацевтика өндірісі 4,8 пайызға қысқарса, жеңіл өнеркәсіпте 8,1 пайыздық құлдырау тіркелді. Бұған ірі кәсіпорындардағы тапсырыстың азаюы мен өткізу нарығының тарылуы себеп болған.
Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда құны 716,9 млрд теңге болатын 455 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 318 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Ірі жобалардың басым бөлігі «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында шоғырланған. Мұнда 96 жоба іске асырылып, 5,8 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Ал «ТАССАЙ» индустриялық аймағында 42 жоба жүзеге асырылып, 2,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сауда-логистикалық орталықта да бірқатар ірі жобалар іске қосылып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, «ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағы мен «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым құрылыстары қарқынды жүріп жатыр.Инфрақұрылымның басым бөлігі аяқталуға жақын, ал толық іске қосылғаннан кейін бұл аумақтар жаңа өндірістер үшін тартымды алаңға айналмақ.
Болашақ жоспарлар да ауқымды. Қалада қосымша 1 585 гектар аумақта жаңа өндірістік алаңдар құру көзделген. Оның ішінде металлургия саласына бағытталған «Темір» индустриялық аймағы ерекше орын алады. Бұл жоба Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі арттырып, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға жол ашпақ.


