1929 жылы ашылған театрдың репертуарында бүгінгі таңда орыс, шетел, классика және заманауи бағыттағы 70-тен астам қойылым бар.
Шымкент қаласындағы орыс драма театрының мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласындағы аталған театрдың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға арнайы қатысқан шаһар әкімі Ерлан Айтаханов ұжымды ыстық лебізімен құттықтады.
"Театр өнерінде орыс драма театрының орны бөлек. Келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Сіздерді алдағы маңызды іс-шараларда белсенділік танытып, қарқынды атсалысуға шақырамын. Халық мәдениетін көтеруде сүбелі еңбектеріңіз орасан. Келер жылы жауапты жыл. Сол себептен бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек", - деді Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ, қала басшысы театр тарихында аттары алтын әріптермен жазылған өнер майталмандарына алғыс хаттар табыстап, мерекелік іс-шарада қалалық мәдени ұйымдар арнайы қойылымдар ұсынды.