Биыл Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент Республикалық «Жас ұлан» мектебінің құрылғанына 40 жыл толады. Осы күнге орай үшінші мегаполистің «Астана» алаңында мектептің 198 түлегі үшін жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Бір сапта жас ұландықтармен бірге біздің кең еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген алдыңғы түлектердің барлық ұрпақтары бас қосты.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштер, Ауған соғысы және Чернобыль қозғалысы кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ «Жас сарбаз» патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Белгіленген уақытта ұландар алаңға саптық қадаммен шықты. Әскери оркестрдің үнімен Мемлекеттік Ту белгіленген жерге шығарылды. «Түзел, тік тұр! Ортаға сап түзе!» пәрменінен кейін мектеп бастығы полковник Пернехан Орынбеков мектеп түлектеріне аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімін өткізуге дайын екендігі туралы баяндама жасады.
Құттықтау сөздерін естіген ұландардың үш рет «Ура!» айқайлауынан соң, Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваға құттықау сөзі берілді. Ол Қорғаныс министрі атынан ұландарға оқуын сәтті аяқтағаны туралы жылы лебіздерін жеткізді.
- Сіздер Қорғаныс министрлігінің оқу орнын аяқтадыңыз, білім туралы алғашқы құжаттарыңызды алып, бүгін өмір жолының жаңа кезеңін бастаудасыздар. Мектеп мұғалімдері мен тәрбиешілері сіздермен өз білімдері мен өмірлің тәжірибелерін толықтай бөлісті. Олар сіздердің оқу күндеріңізді қуанышқа және жаңалықтарға толы қылуға тырысты. Барлығыңызды белсенді азамат қылып, өз Отанының нағыз патриотына айналуына ат салысты. Осы орайда мұғалімдерге, шабытты еңбектері үшін, өскелең ұрпаққа деген шыдамдылығы мен қамқорлығы үшін рақметімді айтамын, - деп қорытындылады Айгүл Төлембаева.