Кездесуде білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланды.
Бүгін Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚУ-да ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н. Бекназаров пен А.Қапбарова білім саласының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жүздесуде білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Айгүл Қапбарова өз сөзінде жұмыс тобында қаралып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасы жайлы ақпарат беріп, ондағы негізгі қағидаларынан құлағдар етті. Атап айтқанда, «ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымда жарияланым болуы керек» деген қағидаға өзгеріс енгізу бастамасы көтерілгені, отандық ғылыми басылымдардың беделін арттыру назарда екенін атап өтті. Және ЖОО оқытушы-қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ойластырылып жатқанын да жеткізді. Бұл үшін ғылым саласы қызметкерлеріне арнайы әлеуметтік пакет қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы түбегейлі өзгеруде. Халықтың жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған заңдар дайындалып жатыр, - деп түйіндеді сөзін Айгүл Жарылқасынқызы.
«Ғылым министрлігінің дербес мекеме болып құрылуы қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалған шара. Ғылым академиясы қайта түлеп, оны қаржыландыру механизмдері қаралып жатыр», - деген сенатор Нұрлан Құдиярұлы жаңа Қазақстанды құру жолында білім саласы мамандарын бірлесіп амал етуге шақырды.
М.Әуезов университеті ұжымы тарапынан айтылған ұсыныстар арасында ОҚУ-не Ұлттық университет статусын беру жайы назардан тыс қалмады. Тұрғындар саны миллионнан асқан мегаполисте Ұлттық университеттің болуы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің құрамын сақтап қана қоймай, жаңа дәуір интеллигенциясының қалыптасуына ықпал етіп, жасампаз интеллектуал тұлғалардың шоғырлануына мол септігін тигізетіні айтылды.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасқан болатын. Іс-шарада БАҚ туралы заң жобасы, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдарды субсидиялау, кадр тапшылығы мәселелері талқыға түсті. Сенатор А.Қапбарова бүгінде БАҚ туралы заң жобасы талқыланып жатқанын, бұл орайда түрлі ұсыныстар бар екенін атап өтті.