​ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРЕНАЛАРДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

0
48

Бұл кешенді жеңістер Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымның дұрыс қалыптасқанын және бапкерлер құрамының жоғары кәсібилігін паш етеді.


​ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРЕНАЛАРДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Шымкенттік спортшылардың соңғы уақытта халықаралық және республикалық ареналарда көрсеткен нәтижелері мегаполистің спорттық әлеуетінің жаңа белеске көтерілгенін, әсіресе паралимпиадалық қозғалыс пен бокс мектебінің даму деңгейінің жоғары екенін айқын дәлелдеп отыр.

Дубай қаласында 10–14 желтоқсан аралығында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен шымкенттік пара спортшылардың жетістігі ерекше мақтанышқа ие болды. Әлемнің 45 елінен келген 1500-ден астам қатысушы бақ сынаған бұл байрақты бәсекеде Қазақстан жалпыкомандалық есепте VI орынды иеленсе, осы табысқа Шымкент қаласының өкілдері қомақты үлес қосты.

Голбол спорты бойынша ұлттық құрама намысын қорғаған шымкенттік Төлесінов Абыл мен Тас Сырлыбек нағыз жауынгерлік мінез көрсетіп, турнирдің алтын медалін иеленді. Олар топтық кезеңнен бастап қарсыластарына дес бермей, жартылай финалда Иран құрамасын 7:4 есебімен тізе бүктірсе, шешуші финалдық кездесуде Оңтүстік Корея командасын 9:6 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды. 11 елдің мықтылары жиналған бұл сайыста шымкенттік спортшылардың тактикалық дайындығы жоғары болды.

Сонымен қатар, пара таеквондо бәсекесінде 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Санжар Артықбай Сауд Арабиясы мен Жапонияның тәжірибелі спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, күміс жүлдегер атанды. 19 елден 92 пара таеквондошы қатысқан бұл додада Санжардың финалға дейін жетуі оның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Шымкент спортының жеңісті жолы Астана қаласында 12–14 желтоқсан аралығында өткен бокстан республикалық турнирде де жалғасын тапты. Бұл додада Шымкент құрамасы еліміздің ең мықты бокс орталықтары саналатын Қарағанды, Астана және Маңғыстау командаларымен бірге үздік төрттікке еніп, жартылай финалда Қарағанды командасын 9:6 есебімен ұтты. Финалда Астана қаласының боксшыларымен кездескен шымкенттіктер дәл сондай 9:6 есебімен басым түсіп, чемпиондық кубокты бастарынан асыра көтерді.

Финалдық жекпе-жектерде Сүлеймени Тілеуберді, Серікбай Асылжан, Османов Нұрлыбек, Үзенбаев Нұрлыбек және ауыр салмақтағы Асылхан Расул қарсыластарын техникалық шеберлікпен жеңіп, ерлер боксының мерейін өсірді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде де Шымкент арулары Рахымберді Жансая, Базаров Элина, Есенкелді Лаура және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нуршаева Мадина өздерінің мықтылығын дәлелдеп, алтын медальдарды қоржынға салды.

Бұл кешенді жеңістер Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымның дұрыс қалыптасқанын және бапкерлер құрамының жоғары кәсібилігін паш етеді.

Бөлісу