Шымкент спортшылары жоғары жетістіктерімен ерекшеленуде

0
69

Халықаралық жарыстарда да шымкенттік спортшылар жоғары нәтиже көрсетуде.


Шымкент спортшылары жоғары жетістіктерімен ерекшеленуде

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы 221 жүлделі орынға ие болған.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары – Дарменов Ермек Аманжолұлы мәлімдеді.

Оның ішінде Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 59 алтын, 71 күміс, 71 қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 7 алтын, 3 күміс, 3 қола, ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында 4 алтын және 1 қола медаль еншіледі. Сонымен қатар, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 56 спорт шеберіне үміткер спортшы даярланды. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық құрамасына енген спортшылар саны 1240-қа жетіп отыр, оның ішінде 447-сі ересектер, 447-сі жастар және 346-сы жасөспірімдер.

Биылғы жылдың 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында өткен ХХV Қысқы Олимпиада ойындарына фристайл-акробатикадан 4 спортшы қатысып, халықаралық рейтинг бойынша лайықты нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, Асан Асылхан 16-орын, Райымқұлов Дінмұхаммед 18-орын, Жолдас Аяна 17-орын және Хаширбаев Шерзод 20-орынды иеленді.
Халықаралық жарыстарда да шымкенттік спортшылар жоғары нәтиже көрсетуде. Қаңтар айында Катардың Доха қаласында өткен стенд атудан Азия чемпионатында қала спортшылары 5 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Ал ақпан айында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен нысана көздеуден Азия чемпионатында 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль олжаланған. Осы жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері София Шульженко 358.2 ұпай жинап, бірден бірнеше әлемдік және азиялық рекордтарды жаңартты. Сонымен қатар, наурыз айында Италияның Рим қаласында өткен каратэ WKF бойынша «Премьер Лига» халықаралық турнирінде София Берульцева алтын медаль иеленсе, Албанияның Тирана қаласында өткен грек-рим күресінен «Muhamet Malo» турнирінде Мейіржан Шермаханбет жеңімпаз атанып, Ернур Фидаметов қола жүлдеге қол жеткізді. Алдағы ірі жарыстарға дайындық та жүйелі жүргізілуде. 2026 жылдың қыркүйек айында Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Шымкент қаласының спортшылары ұлттық құрама сапында 8 спорт түрінен қатысуы жоспарланған. Атап айтқанда, асық ату, теңге ілу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көк бөрі, көкпар және дәстүрлі садақ ату бойынша жалпы бірнеше спортшы ел намысын қорғайды. Айта кету керек, 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шымкенттік 18 спортшы 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған болатын.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына дайындық жүріп жатыр. Бұл жарысқа 41 спорт түрі бойынша 68 дисциплина енгізіліп, 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Шымкент қаласынан 90-ға жуық спортшы 24 спорт түрі бойынша қатысады деп жоспарлануда. Олардың қатарында бокс, жеңіл атлетика, дзюдо, жүзу, ауыр атлетика, каратэ, таеквандо, күрес түрлері және басқа да спорт бағыттары бар.
Айта кетейік, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алса, оның ішінде Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальмен ел қоржынына қомақты үлес қосқан.


Бөлісу