ШЫМКЕНТ: ​ТАЗАЛЫҚ АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

0
394


ШЫМКЕНТ: ​ТАЗАЛЫҚ АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

Шырайлы Шымкент қаласы күн өткен сайын гүлденіп келеді. Өйткені жылдағыдай емес, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына қызметкерлерден бөлек, қала тұрғындары да бір кісідей атсалысуда.

Бұл аптада «Өнегелі ұрпақ»науқаны бойынша ілкімді істер жүзеге асқан. Соның бірі Әл-Фараби ауданына қарасты «Достық ауласында» ұйымдастырылды. Қазыбек би 6 көшесіндегі тұрғын-үй алқабының көлемі үлкен және ардагерлер көп. Сондықтан осы аумақта тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шараға 10 -нан аса техника мен 200 -ге жуық қызметкерлер жұмылдырылып белгіленген нысанды толықтай тазартты.

- «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы оң өзгерістерді байқаймыз. Халық көп шоғырланатын орындарда тазалық деңгейі біршама өскен. Қуантарлығы бұл шараға ЖОО-ның студенттері көп қатысады. Жастардың белсендігілі тек оқу-ғылымнан емес, қоғамдық жұмыстардан да жоғары деңгейде көрінуде. Ұрпағымыздың саналы, тәрбиелі, тазалыққа жақын болуы үшін біздер әрқашан үлгі болатын игі істердің басы-қасында жүруіміз керек, - дейді Қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова.
Өнегелі істі дәріптеу тек бір күнмен шектелмесі анық. Алдағы уақытта қала тұрғындарына қуаныш сыйлағын акция жалғасын таба бермек.
Айта кету керек, Шымкентте республикалық акция басталғалы бері тазарту, абаттандыру жұмыстарымен қоса көшеттер мен түрлі гүлдер отырғызу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қала көшелерінің жағалауына отырғызылған алқызыл, сары, көк гүлдер қаланың ажарын аша түсуде.
Дегенмен, тек қана көшеттер мен гүлдер ғана отырғызылып жатқан жоқ, сонымен бірге күнделікті тазалық жұмыстары да тоқтаусыз атқарылып жатыр.

Апталық барысында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтары тазаланады, абаттандырылады. Жалғызілікті, зейнеткерлерге көмек көрсетіледі.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты айқындалған.

Бөлісу