Конституция құрылымында екі жаңа бөлім енгізу ұсынылған.
Шымкентте еліміздегі маңызды саяси оқиғалардың бірі – жаңа Конституция жобасы бойынша алдағы дауыс беру қарсаңында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы «Зерде Керамика» ЖШС кәсіпорнында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі баптарын түсіндіруге арналған кезекті кездесу өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды. Жиын қатысушылары құжаттағы өзгерістер мен толықтырулар, олардың қоғам мен мемлекет дамуына ықпалы туралы пікір алмасты. Айта кету керек, ұсынылып отырған жаңа редакциядағы Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілген. Құжаттың 11 бөлімі мен 96 бабының шамамен 84 пайызы жаңартылып, бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды конституциялық өзгерістердің бірі болып отыр.
Кездесу барысында қатысушылардың назары 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге аударылды. Дәл осы күні еліміздің азаматтары мемлекеттің Негізгі заңына қатысты маңызды шешім қабылдайды. Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуді және жаңа саяси институттарды қалыптастыруды көздейді.
Жобаға сәйкес, Конституция құрылымында екі жаңа бөлім енгізу ұсынылған. Оның бірі – «Халық кеңесі» туралы бөлім. Бұл орган азаматтардың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік институт ретінде қарастырылуда. Кеңес заңнамалық бастамалар ұсынуға, референдум өткізу жөнінде ұсыныстар енгізуге және ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелер бойынша бастамалар көтеруге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында заң шығару жүйесіне қатысты өзгерістер де қарастырылған. Ұсынысқа сәйкес, Парламенттің құрылымы жаңартылып, өкілді органның құрамын қалыптастырудың жаңа тетіктері енгізілуі мүмкін.
Құжаттың кіріспе бөлімінде елдің тарихи сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарына ерекше назар аударылған. Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына сүйенген мемлекеттілік дәстүрі атап өтіліп, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының өзгермейтіні айқын көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет дамуының стратегиялық басым бағыттары ретінде білім беру, мәдениет, ғылым, инновациялар және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері белгіленген.
Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нормалар да айтарлықтай күшейтілген. Атап айтқанда, өлім жазасына толық тыйым салу сақталады, жеке бостандық ұғымы кеңейтіліп, заңсыз ұстап ұстаудан қорғау тетіктері нақтыланады. Сондай-ақ адвокатура институтының мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіледі.
Бұдан бөлек, Конституцияның жаңа редакциясында неке институтына қатысты норма нақтыланып, ол ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде айқындалады. Мемлекеттің зайырлы сипаты да сақталып, діннің мемлекеттік басқару жүйесінен және білім беру саласынан бөлінгені тағы да атап өтіледі.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістер бойынша сұрақтарына жауап алды. «Зерде Керамика» ЖШС қауіпсіздік қызметінің басшысы Бекболат Примбековтің айтуынша, мұндай түсіндіру кездесулерінің маңызы зор.
– Бұл өте мазмұнды кездесу болды. Жаңа Конституция туралы жан-жақты әңгіме өрбіді. Әрбір мәселені мұқият ойланып, толық түсіну қажет. Себебі бұл – біздің және келер ұрпақтың өміріне негіз болатын Негізгі заң, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізді.


