Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақ
Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесу мақсатында «Атамекен қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Орталықтың тұсаукесер рәсімінде: «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халықпен байланыста болу тапсырмасына орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасымен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкімдігінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейді», - деді қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.
Келешекте осындай орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылады.
Жаңа орталық туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев: «Тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы, қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылайыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі болса, ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2000-ға жуық адам қысқа мерзімдік оқытудан өтеді. Микроқаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз», - деді өз сөзінде.
Сондай-ақ, мобильдік орталықталықтардың тағы бір ерекшелігі, мұнда енді жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері де отырады. Олар әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтайды.
Ал, Менеджерлер өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, жаңа мамандық алу (клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқу курстарына жазыла алады, тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған), «Жас кәсіпкер» (18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар кәсіпкерлік негіздері курсына жазыла алады), «Бастау» жобасына қатысу туралы (жас ерекшеліктеріне қарамастан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар бір айы ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, микронесие алуға, кәсіп ашып, немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады) кеңестер береді.
Айта кетейік, «Атамекен» қолдау орталықтары» пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласында (8), Алматыда (12) және Шымкентте (10) іске қосылып жатыр.