ШЫМКЕНТ: Жүргізушілер көшеге себілген құмға күдікпен қарап отыр

0
1 780

"Көшелерге қара күйе секілді зат себілген", - дейді жүргізушілер.


ШЫМКЕНТ: Жүргізушілер көшеге себілген құмға күдікпен қарап отыр

Шымкент көшелері алғашқы қардан кейін қара түске боялды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, бұл туралы шымкенттік бірнеше көлік жүргізушісі редакцияға хабарласып, Шымкентке алғашқы қар жауғаннан кейін, оны еріту үшін көшелерге қара күйе секілді зат себілгенін айтып шағымданды. Олардың айтуынша, жолдарға себілген зат құмға емес, көмірдің қалдығына (шлакқа) ұқсайды. Сонымен қатар, жүргізушілер «Бұл зат көлікке де, қаладағы экологияға да кері әсер етеді», - деген пікір білдіріп жатыр.


Ал, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы Балжанов Дәурен бұл жағдайға байланысты пікір білдіріп, қала көшелеріне себіліп жатқан зат тұз бен құмның қосындысы екенін айтты.

«Біздің басқарма тарапынан жолдарға себіліп жатқан зат – құм мен тұздың қосындысы. Сондай-ақ, Шымкенттегі алғашқы қарға дейін жаңбыр жаумағандықтан, жолдағы шаң-топырақ пен көліктерден тамған әртүрлі майлар шайылмай қалған. Сондықтан, аталған заттардың барлығы араласып, қара балшыққа айналған. Келесі қар жауғанда мұндай жағдай болмайды», - деді Балжанов Дәурен өз сөзінде.