ШЫМКЕНТ: Журналистер мен судьялар дөңгелек үстел басында кездесті

0
2 061

Шымкентте қалалық сотының алқасының төрағасы Ербол Жанғазиннің бастамасымен журналистер мен судьялар дөңгелек үстел басында кездесті. Мақсат, сот органдарының жұмысын БАҚ өкілдері үшін барынша ашық ету, өзара ынтымақтастықты нығайту.


ШЫМКЕНТ: Журналистер мен судьялар дөңгелек үстел басында кездесті

Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы Ербол Жанғазиннің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен «Сот істерін БАҚ-та жариялау мәселелері» тақырыбында кездесу өтті - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкентте журналистер мен судьялар дөңгелек үстел басында кездесіп, БАҚ өкілдері мен сот органдары арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселесін кеңінен талқылады. Сондай-ақ, судьялардың журналистер үшін ашықтығы да сөз болды.

"Қазір сот органдарында реформа болып жатыр. Оның үстіне бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтар қызметінде күнделікті сот органдары жайлы ақпарат шығып отыр. Бірақ, ол ақпарат қандай бағытта қандай астармен шығып жатыр бар? Осыған үлкен мән беру қажет. Егер заңға қайшы келмесе, сот жүйесі сіздерге кез-келген ақпаратты бере алады. Бұл сіздерге деген құрметпен жасалатын іс. Өйткені, БАҚ-ол қоғамдық мінбер екенін түсінеміз",- деді отырыста алғаш болып сөз алған Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы Ербол Жанғазин .

Жиында судьялар кей істерді бұқаралық ақпарат құралдары бұрмалап беретінін айтты. Мәселен, "журналистер жақында адам өлімі орын алмаған қылмыстық істе, кісіні қаза болды деп хабарлады. Алаяқтықпен ұсталған прокуратура қызметкерін атышулы Төлешовтың ісіне апарып телігені жалған ақпар тарату"- дейді олар.

Алайда, журналистердің де судьяларға айтар өкпе-назы мен ұсыныстары бар.

"Кодекстердегі кей терминдер Кеңес дәуірінің және Ресей заңдарынан тікелей аударыла салған терминдер. Оның қазақшасын жай адам түсінбейді. Бір іс не бір мәселе бойынша жиналған кезде, баспасөз хатшылары анығырақ егжей-тегжейлі соны түсіндіріп, мол қылып ақпар берсе. Кейде келеміз, 4-ақ сөйлем тұрады. Ары қарай өзің ойдан шығарасың. Егер қауіпті болмаса, мемлекеттік құпия болмаса сот процестеріне шақырып тұрсаңыздар. Әйтпесе талай сіздермен жұмыс істеп жүрміз жолдауды талдауға, велошеруді жүргізуге шақырасыздар. Қарасақ БАҚ-өкілдерін есеп беру үшін «галочкада» пайдаланатын сияқтысыздар. Журналистерді дұрыс пайдаланбайсыздар",- дейді "Оңтүстік" телеарнасының редакторы Кенжехан Дүйсенбі.

Десе де, Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбінің айтуынша, бұрынғымен салыстырғанда бүгіндері журналистермен жұмыс ашық түрде жүруде. Қазірде БАҚ өкілдері Шымкент қалалық сотының сайтына кіріп өзін қызықтырған ашық сот отырысына қатыса алады екен. Сондай-ақ, шетелдік ұйымдар жүргізген сауалнама нәтежиесі ел азаматтарының 74 пайызы сот органдарына сенетінін көрсеткен. Ал, былтыр республика судьялары 4 жарым миллион істі қарапты.