ШЫМКЕНТ: Жыл басынан бері 1200-ден астам отбасыға пәтер табысталды

0
566

246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасымен берілді.


ШЫМКЕНТ: Жыл басынан бері 1200-ден астам отбасыға пәтер табысталды

Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл соңына дейін 324 арендалық пәтер түрлі санаттағы азаматтарға, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға, 1919 пәтер несиелік негізде беру жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде «Отбасы банк» арқылы баспаналы болды. Яғни, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасымен, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасымен берілді.

Бұдан бөлек, биыл өңірлік “Qamqor”бағдарламасы алғаш рет іске асқалы отыр. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегі санаттарына енбейтін сала мамандарына арналған бағдарлама. Аталған бағдарлама шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама "Шаңырақ" бағыты бойынша конкурс өткізіледі.

Аталған бағдарламаға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі 23.05.2023 жылдан бастап сағат 10:00-ден 31.05.2023 жылдың 19:00-ге дейін жүргізілетін болады. Конкурстық пәтерлер Тұран шағын ауданында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйлерде орналасқан 1,2 және 3 бөлмелі пәтерлер. Шаңырақ бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тіркелген барлық санаттағы азаматтар қатыса алады. Бағдарлама бойынша 10% бастапқы жарнаны толтырып, жылына 5% мөлшермен 20 жылға несие алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аталған бағыт шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Конкурстық іріктеу мерзімі Отбасы банкпен төлем қабілеттілігін бағалау брондау мерзімі аяқталғаннан бастап 5 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.