Байқауға Шымкент қаласы бойынша 1116 оқушы қатысты.
Шымкентте «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған сайыстың ережесіне сәйкес 6-11 сынып оқушылары «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. Сонымен қатар, қатысушылар жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, сайыс қорытындысы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушылар мен олардың ұстаздарын Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов марапаттады.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге серпін берді. Оның бір дәлелі - «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша ұйымдастырылған – байқау. Ұрпақ тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту, оны қайта жаңғырту игі бастама деп білемін. Біз атадан қалған сырлы сөздер мен бай мұрамыз арқылы жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар негізінде бойына баға жетпес руханият сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсетініне бек сенімдімін», - деді қала басшысы өз сөзінде.
Одан бөлек, жиында сөз алған «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының жетекшілері алдағы уақытта мұндай рухани шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Сонымен, Ерлан Қуанышұлы 1 орын алған №9 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Салтанат Махсутқа 1 000 000 теңге және ұстазы Айгүл Абдиматоваға 2 000 000 теңге, 2-орын иеленген №82 жалпы білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы Қарақат Қонарбайға 600 мың теңге, жетекшісі Құрбанкүл Кульбековаға 1,2 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Ал, 3 орын алған №36 жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Әсел Абдикер 300 мың теңге алса, жетекшісі Бибіайша Садықова 600 мың теңгенің сертификатына ие болды. Оған қоса, аталған жеңімпаздар Шымкент қаласы әкімінің арнайы дипломымен марапатталды
Айта кетейік, байқауға Шымкент қаласы бойынша 1116 оқушы қатысқан.