Баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға ұсынылды.
Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін мегаполисте 100 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Жүздеген жанұя үшін бұл күн көптен күткен қуанышты сәт әрі өмірлеріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды.
Ақжайық шағынауданындағы жаңа баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған және мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысқан азаматтарға берілді. Пәтер кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова салтанатты түрде табыстады.
Баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға ұсынылды. Пәтер бөлу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінді.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, мүгедектігі бар азаматтар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Айта кету керек, Шымкентте жылдың соңына дейін 6 500-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 983 жалдамалы пәтер және 4 568 несиелік пәтер бар.
Бүгінде Шымкент мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша көшбасшы қалалардың қатарына кіреді. Мегаполисте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмысының қарқыны жүйелі артып, баспана бөлу тетіктерінің тиімділігі де күшейіп келеді.
Мұндай жобаларды жүзеге асыру тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қала инфрақұрылымын дамытуға және жайлы әлеуметтік ортаны қалыптастыруға оң ықпал етеді.


