Шымкентте 2 жылда ауыз су мәселесі толық шешіледі

0
2 796

Бүгінде 81 елді мекеннің 78-інде сапалы ауыз су мәселесі толығымен шешілген.


Шымкентте 2 жылда ауыз су мәселесі толық шешіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет жүктегені белгілі. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімдігі жүйелі әрі сапалы жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нәтижесінде Шымкентте алдағы 2 жылдың ішінде ауыз су мәселесі толығымен, 100 пайызға шешіледі деп жоспарланып отыр.
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша қазір Шымкенттегі 81 елді мекенде 78-інде сапалы ауыз су мәселесі толығымен шешілген. Қалған үш елді мекенде ауыз су кесте бойынша беріледі.
Өткен 2021 жылы осы бағыттағы 13 жоба аяқталған. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 24,46 шақырымды құрайтын 3 маистралды су құбыры тартылды. Сонымен қатар 10 елді мекенде ішкі ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталған. Осылайша Тұран, Асар-2, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжай, Ақтас, Жаңаталап, Сәуле және Нұртас елді мекендерінің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Қазір әрбір тұрғын суды өз үйіне кіргізіп жатыр. Бұл қала халқын ауыз сумен қамту көрсеткішін 95,6 пайыздан 98 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берді.
Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қарқынды түрде жүргізілмек. 2022 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін биыл тағы 1 магистралды су құбыры және 1 елді мекеннің ішкі су жүйелерінің құрылысы аяқталады. Ал, 2023 жылдың соңына қарай шымкенттіктер тәулік бойы үздіксіз берілетін сапалы әрі таза ауыз сумен 100 пайызға қамтылады.