Шымкентте 20 мыңға жуық оқушы түрлі академиялық сабақтарға қатысады

0
653

Қаладағы 12 аула клубындағы 61 үйірмеге 2 294 оқушы қатысады.


Шымкентте 20 мыңға жуық оқушы түрлі академиялық сабақтарға қатысады

Шымкенттік оқушылардың 77 пайыздан астамы қосымша біліммен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде оқушыларға қосымша білім беру стратегиясы Үкіметтің «Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысымен жүзеге асырылуда.
Осыған орай, Шымкент қалалық білім басқармасында тиісті жұмыс жоспар бойынша атқарылып келеді. Үшінші мегаполистегі білім беру мекемелерде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектептен тыс 10 мекемеде 19 012 оқушы түрлі академиялық сабақтарға қатысады.
"Атап айтқанда оқушылар домбыра, қобыз, қылқобыз, фортепиано, баян, аккордеон, гитара, саксафон, труба, флейта, жетігенде ойнауды үйренеді. Сонымен қоса, хореография, хор, вокал, актерлік шеберлік, дәстүрлі ән, вокал, робот техникасы, күй, айтыс, тіл, театр, шахмат, авиамодельдеу, сурет, тоқыма, киім дизайны, тоғызқұмалақ, асық, би секілді үйірмелерге қатысады", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Оқушыларға 542 педагог білім беруде. Сонымен қоса қаладағы 12 аула клубындағы 61 үйірмеге 2 294 оқушы қатысады. Ал, жан басына қаржыландыру есебінен 35 мың бала спорт, мәдениет және тілдерді дамыту және білім басқармалары арқылы түрлі үйірмелерге қатысуда.
Қалалық білім беру басқармасының мәліметінше, Шымкенттегі 247 667 оқушының 77,2 пайызы, яғни, 191 199 шәкірт қосымша біліммен қамтылған.