Шымкентте 300 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады

0
1 601

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 7 пайызға артқан.


Шымкентте 300 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады

ФОТО: Ернар Мамыр

Шымкент қаласында 280 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Е.Ергеш және аталған департамент басшысының медициналық әлеуметтік-сараптама мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушысы С.Шонановтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Ержан Ермаханұлы департамент тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтер, тағайындалған төлемдер, зейнетақы мен жәрдемақы алушылар жөнінде баяндады.
– Бүгінде Шымкент қаласында зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 280 000-нан асады. Ал өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету аясында жаңадан тағайындалған және көлемі өзгеруіне байланысты қайта қаралған төлемдер саны 126 421-ді құрады. Тарқатып айтсақ, тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 59 584, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 66 837 және бюджеттік субсидияның саны – 25 587. Одан бөлек, осы жылдың 1-тоқсанында 26 959 төлем тағайындалды. Оның ішінде 16 109-ы жаңадан, 10 853-і қайта қаралып бекітілген, – деді Е.Ергеш.
Спикердің сөзінше, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 7 пайызға, ал күнкөріс деңгейіне орай мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артқан. Оған қоса АЕК-тің өзгеруіне байланысты арнаулы мемлекеттік және көп балалы отбасылар мен бала күтіміне арналған жәрдемақылар көбейген.
Брифинг барысында департамент басшысының медициналық әлеуметтік-сараптама мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушысы Сырым Жамалбекұлы мүгедектік және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу бойынша сөз қозғады.
Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға дейін мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорында 36 694 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл жалпы 1 млн 46 мың халық санының 3,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 30 339-ы – ересек адам (І топ – 3 238, ІІ топ – 14931, ІІІ топ – 12170), ал 6 355-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен үшінші мегаполисте өткен жылы мүгедектікке шыққандар саны 404 адамға төмендеп отыр, – деді С.Шонанов.
Айта кетейік, елімізде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ер азаматтар 63, әйелдер 60, ал 5 және одан көп баласы бар аналар 53 жастан зейнеткерлікке шығады.