Шымкентте 40-қа жуық кәсіпорындағы жұмыскердің жалақы қарызы өтелді

0
645

1 304 жұмысшысының жалақы қарыздары өтелді.


Шымкентте 40-қа жуық кәсіпорындағы жұмыскердің жалақы қарызы өтелді

Шымкент қаласында 33 кәсіпорындағы 1304 жұмыскердің жалақы қарызы өтелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов брифинг барысында мәлімдеді.

"Шымкентте ағымдағы жылдың 6 айында 33 кәсіпорынның 1 304 жұмысшысының жалақы қарыздары өтелді. Еңбек ұжымдарында жыл басынан бері 6 еңбек дауы тіркелген. Бұның барлығы тиісті іс-шаралар жүргізу барысында шешімін тапқан. Есепті мерзімде әлеуметтік шиеленістер мен еңбек жанжалдарын болдырмау бағытында жұмыс жасайтын үш жақты комиссияның 7 отырысы өтті", - деді Б.Қалжанов.

Спикердің сөзінше, басқарма тарапынан еңбек қатынастарын сақтау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 684 арыз-шағымдар мен өтініштер заңға сәйкес қаралып, тиісті жауаптары берілген.

Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 154 тексеру жүргізіліп, 179 заң бұзушылық анықталған (оның ішінде: еңбек қатынастары бойынша - 149, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша - 23, жұмыспен қамту – 7). Анықталған заң бұзушылықтардың 145-і жойылып, заңнамаға сәйкестендірілсе, 76-на нұсқама берілген.

Баспасөз жиынында Бауыржан Ахметәліұлы еңбек шартының маңыздылығына аса назар аудару керектігін атап өтті.

Еңбек шарты кез келген қызметкер мен жұмыс беруші арасында жазбаша түрде жасалуы тиіс. Оны міндетті түрде талап ету керек. Ауызша немесе тағы басқа келісімдер азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете алмайды. Жұмыс берушімен жасалған еңбек шарты арқылы әрбір азамат әлеуметтік қорғалады, жұмыскерлердің нақты айлық алуға жалақысы белгіленеді, жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдары тұрақты жүргізіледі және медициналық әлеуметтік сақтандыру бойынша тиісті жарналары төленіп отырады. Сондықтан екі жақты келісім-шартқа отыруды талап ету, өзіңізді әлеуметтік қорғау болып саналады, - деді басқарма басшысы.