Шымкентте 6 млн теңгеден асатын күрделі операциялар тегін жасалуда

0
40

Науқасқа ашық операция жасалмай, заманауи эндоваскулярлық әдіс қолданылды.


Шымкентте 6 млн теңгеден асатын күрделі операциялар тегін жасалуда

Шымкент қалалық №2 ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар заманауи медициналық технологиялардың көмегімен тегін жасалуда.

Жақында мұнда 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты жоғары технологиялық эндоваскулярлық операция жасалды. Бағасы 6 млн теңгеден асатын бұл медициналық көмек азаматшаға тегін көрсетілді.
Науқас біраз уақыт бойы басының қатты ауыратынын айтып, дәрігерге қаралған. Тексеру барысында МРТ зерттеуі арқылы ми тамырында аневризма бары анықталды.
Аневризма – қан тамыры қабырғасының әлсіреп, белгілі бір бөлігінің кеңеюі. Оның ең қауіпті асқынуы – аневризманың жарылып, миға қан құйылуы. Сондықтан ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдау маңызды.
Науқасқа ашық операция жасалмай, заманауи эндоваскулярлық әдіс қолданылды. Нейрохирург дәрігер Еркін Медетов арнайы медициналық құралдарды қан тамырының ішіне енгізіп, аневризмаға стент қойды. Бұл әдіс аневризмаға түсетін қан ағымын азайтып, оның жарылу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында.
Айта кетейік, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету аясында тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мұндай күрделі операциялар пациенттерге тегін жасалады.
Бөлісу