​Шымкентте 9 жасар қыз баланы зорлаған күдіктіге іздеу жарияланды

0
5 615

Үйге қайтар жолдағы құрылысы бітпей қалған ғимаратқа белгісіз біреу бүлдіршінді күштеп апарып зорлық көрсеткен.


​Шымкентте 9 жасар қыз баланы зорлаған күдіктіге іздеу жарияланды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте тоғыз жасар қыз балаға қатысты зорлық жасалды деп күдіктелуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қаңтар айының бесінші жұлдызында 2009 жылы туған қыз бала үйірмеден қайтып келе жатып зорлықшыға тап болған көрінеді. Үйге қайтар жолдағы құрылысы бітпей қалған ғимаратқа белгісіз біреу бүлдіршінді күштеп апарып зорлық көрсеткен.

Шымкент қалалық полиция департаменті де аталған оқиға бойынша 2019 жылдың бесінші қаңтарында арыз келіп түскенін растады.

"2019 жылы 5 қаңтарда Шымкент қаласы ПД-не К. есімді азаматша белгісіз тұлға оның жасөспірім қызын зорлағаны бойынша арызданған. Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстың белгілері бойынша (көрінеу жас баланы зорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қылмыскерді ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес болған мән-жайларды анықтау және кәмелетке толмағанның заңмен қорғалатын құқықтарын сақтау үшін барлық қажетті шаралар қолданылуда. Қылмыс жасөспірім балаға қатысты жасалғанын ескере отырып, Қылмыстық процессуалдық кодекстің 532-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың құпиялық құқығын сақтау керек екендігін түсіндіреміз. Жария сөз сөйлеуде жеке өмірі туралы мәліметтерді және бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жария ету Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Тергеу нәтижелері туралы ақпарат жұртшылыққа кәмелетке толмағандардың заңды мүдделері мен құқықтары бұзылмайтын, рұқсат етілетін көлемде жеткізіледі", - деп мәлімдеме жасады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аталған қылмыстық іс Шымкент қаласы Полиция департаменті мен Прокуратурасының бақылауында.

Бұл ақпаратты қалалық білім басқармасы да растап отыр. Басқарма мамандары демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді пайдалануда ең бастысы қауіпсіздікті қаперден шығармау керектігіне баса назар аударуды ескертеді.

"Бұл әрине өкінішті жағдай. Қыз бала күндізгі уақытта үйірмеден қайтып келе жатып арампиғылды белгісіз біреуден зәбір көріп отыр. Қазір балаға да, ата-анасына да психологиялық көмек көрсетілуде. Ата-аналар балаларды үйірме, секцияларға өздері жетектеп апарып, бас-көз боп қайтуды қамтамасыз етулері керек", - дейді қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдиев.