Бұрынғы №90 мектепке А.Құнанбаевтың есімі берілді
Онлайн тамыз кеңесінде баяндама жасаған Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева жаңа оқу жылында бірқатар білім ордалары ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Үшінші мегаполисте білім саласы «ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өңірлік бағдарламамен жұмыс жүргізуде.
Шаһарда білім саласының ағымдағы жағдайына талдау жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламада белгіленген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.
Жаңа оқу жылынан бастап Шымқалада халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» жұмысын бастайды.
Мінекей, білім саласы қызметкерлері осындай қуанышқа кенеліп отыр. Дарынды балаларға арналған мектеп қалада орта білім беру саласын дамыту, білім сапасын жоғарылату мақсатында ашылып отыр.
Ұлы ақынның есімін иеленген білім ордасынан білімді, алғыр азаматтардың көптеп шығатынына сенім зор.