Сайыс өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сана, жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерін дамытуға бағытталған.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Ақтас» оқу орталығының базасында техникалық, кәсіптік және орта білім беру мекемелері арасында «Айбын» әскери-патриоттық сайысы өтуде.
5–6 мамыр аралығына жоспарланған дәстүрлі жарыс жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған.
Биылғы әскери-патриоттық сайысқа қаладағы 16 колледжден 100-ге жуық студент қатысуда. Іс-шараның мақсаты – жастардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне деген оң көзқарасын қалыптастыру, олардың дене дайындығын арттыру және әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіру.
Сонымен қатар, сайыс өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сана, жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерін дамытуға бағытталған.
Қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Парманов сайысты ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Дәстүрге айналған «Айбын-2026» сайысы – жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің заманауи форматы. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға, елге қызмет етуге деген құштарлығын оятуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Командаларға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.


