Шымкентте әлеуметтік және медициналық нысандардың жұмысы зерделенді

0
140

Әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым міндеттердің бірі.


Шымкентте әлеуметтік және медициналық нысандардың жұмысы зерделенді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелерді аралап, олардың қызметімен танысты.

Аралау барысында қала басшысы Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында болды. Аталған мекеме тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, пробация есебінде тұрған жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қала әкімі орталықтағы санитарлық талаптардың қатаң сақталуын және қызмет алушылардың тұрмыс жағдайына бақылауды күшейтуді жауапты тұлғаларға тапсырды. Сонымен қатар орталықтың мүмкіндігін кеңейту мақсатында қосымша корпус салу мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. Бұл бастама әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков қалалық №4 емхананың жұмысына қанығып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Бөлімшелерді аралау барысында тұрғындарға көрсетілетін амбулаториялық медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін медициналық қызмет түрлерін кеңейту және заманауи технологияларды енгізу қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек, қала әкімі «Мейірім» медициналық оңалту орталығында болып, кабинет пен палаталардың жабдықталуын, сондай-ақ емдеу-оңалту үдерісінің ұйымдастырылу барысын көрді. Аралау кезінде балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың, сондай-ақ олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жеке оңалту бағдарламаларын енгізудің маңыздылығы атап өтілді. Қала әкімінің айтуынша, әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым міндеттердің бірі.
Бөлісу