Шымкентте алғыс айту күніне орай құрт тарату рәсімі ұйымдастырылды

0
2 927

Құрт қорапшасының сыртына «Мың алғыс» деп жазылған.


Шымкентте алғыс айту күніне орай  құрт тарату рәсімі ұйымдастырылды

Шымкент қаласының әкімдігінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қаланың әр жерінде ұйымдастырылған мерекелік құттықтаулар мен концерттік бағдарламалар онлайн режимде көрсетілді.

Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов барша қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Шымкенттің дамуы мен көркеюіне үлес қосқан жерлестеріне алғысын жеткізді.
«Баршаңызды көктем шуағымен келген 1 наурыз - Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту күні – бұл қиын кезеңдерді басынан өткерген еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне деген құрмет күні. Егемендігіміздің 30 жылында толағай табыстарға жеттік. Бұл жетістікке Елбасының дара көшбасшылығы мен халқымыздың даналығының және парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік»,- деді қала басшысы өз құттықтау сөзінде.
Әуелі экраннан ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы дәріптелген татулық пен келісім туралы деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай «Тәуелсіздік» саябағынан тікелей эфир арқылы Гаврелин Владислав пен Бексұлтан Әлиевтің алғыс айту сөзі ұсынылып, түрлі этнос өкілдері аспаптарының орындауындағы Құрманғазының күйі «Балбырауын» орындалды.
Ал, егемендігіміздің 30 жылдығына арналған 30 этнос жастарының «Шымкент Арбат» алаңынан «Біз қазақша сөйлейміз» атты репортажы ұсынылса, кеш соңында башқұрт этносының өкілі, белгілі әнші Зейтуна Шафикова Ш.Қалдаяқовтың «Арыстың жағасында» әнін шырқады.
Сонымен бірге алғыс айту күнінде түрлі этнос өкілдері іс-шараға қатысып отырған азаматтар мен қаламыздың тұрғындары көп шоғырланған алаптарында құрт тарату рәсімін ұйымдастырды. Бұл акция арқылы олар өздерінің ықыластары мен алғыстарын жеткізбек. Құрт қорапшасының сыртында «Мың алғыс» деген жазу жазылған.