4 анаға «Алтын алқа» және 11 анаға «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.
Бүгін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев мырза 4 анаға «Алтын алқа» және 11 анаға «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Ауданымызда жалпы 5374 көпбалалы ана бар. Батыр аналарымыздың 439-ы «Алтын», 1300-і «Күміс алқа» иегерлері. Жыл басынан аталған наградаға 95 көпбалалы ананың құжаты ұсынылған болатын. Ағымдағы жылдың шілде айында 18 ақжаулықты ананы «Алтын», ал 70 ананы «Күміс» алқалармен марапаттадық. Міне, бүгін тағы 4 «Алтын», 11 «Күміс» алқаларды сіздерге табыс еткелі отырмыз. Халқымыздың демографиялық әлеуетін арттырып жатқандарыңызға алғыс білдіреміз. Еліміздің алтын діңгегі болып, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер», - деді Рашид Мамытұлы.
Жыл сайын жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарымызға «Күміс алқа» беріледі.