Шымкентте Азаматтық Альянс қауымдастығы өкілдерінің конференциясы өтті

0
1 471

430 әлеуметтік осал топқа жататын отбасыға азық-түлікпен қолдау көрсетіліп, 16 500 медициналық бетперде және 1500 гигиеналық құралдар сатып алынып, тегін таратылғанын атап өтті.


Шымкентте Азаматтық Альянс қауымдастығы өкілдерінің конференциясы өтті

Шымкент қаласында Азаматтық Альянс қауымдастығы өкілдерінің онлайн режимде конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Конференция барысында бағдарламалық іс-шаралардың жылдық есебі және Шымкент қаласының Азаматтық Альянсының тексеру комиссиясының 2020 жылға арналған есебі тыңдалды.

Ресми бөлімде Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков сөз сөйледі. Ол өз кезегінде Азаматтық Альянс қызметінің жетістіктерін атап өтіп, COVID-19 таралуына қарсы тұру кезеңінде ҮЕҰ-ның қосқан үлесі туралы статистиканы жариялады.

- Еліміздегі COVID-19 індетіне байланысты енгізілген шектеу шаралары кезінде қиын жағдайға тап болған 450-ге жуық отбасыға көмек көрсетілді. Сондай-ақ қаламыздағы медициналық мекемелерінің дәрігерлеріне жәрдем берілді: жеке қорғаныс құралдары (медициналық бетперделер, қолғаптар) беріліп, олардың балаларын онлайн режимде оқытуға, компьютермен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілді, - деді Жұмағали Дәулетбекұлы.

Конференцияда азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясындағы ҮЕҰ секторының міндеттері туралы есеп ұсынылды.

Шымкент қаласының ALЕ Азаматтық Альянсы және Азаматтық Альянстың мүшелері тарапынан «Біргеміз» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының 50 ардагеріне, Ауған соғысының жауынгерлеріне, Чернобыль АЭС-і апатын жоюшыларға, Семей полигонындағы сынақтардың құрбандарына, сонымен бірге «Чернобыль ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігі 23 отбасына, Чернобыль апатында қаза тапқандардың отбасыларына, Жетісай қаласындағы 150 отбасыға, 13 бірінші топтағы мүгедек пен жалғыз тұратын 11 қартқа тамақ және жеке гигиена құралдары таратылып, қайырымдылық акциясы өткізілді.

Шымкент қаласы Азаматтық Альянс қауымдастығы өкілдері ҮЕҰ мүшелерінің жұмыстарын қорытындылай келе, 430 әлеуметтік осал топқа жататын отбасыға азық-түлікпен қолдау көрсетіліп, 16 500 медициналық бетперде және 1500 гигиеналық құралдар сатып алынып, тегін таратылғанын атап өтті.