Басқосу қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен өтті.
Бүгін Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында білім және денсаулық сақтау салалары Комитетінің бас қосуы өтіп, онда балабақша төлемін арттыру туралы мәселе қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталған басқосуға қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан да қатысты.
«Қазақстандық үздіксіз білім беру Қауымдастығы» ЖКмЗТБ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Диана Караманова жеке балабақшалардың құрылтайшылары атынан ата-ана төлемақысының мөлшерін арттыру мәселесін баса айтып өтті. Оның сөзінше, жалпы республика бойынша жүргізілген ата-аналар төлемінің мониторингі бойынша, Шымкент қаласы ата-аналар төлемінің сомасы ең төмен көрсеткішті құрайтын көрінеді. Сондай-ақ, ол қала әкімінің орынбасарының алдына осы мәселені қойды.
Диана Караманованың сөзінше, Тұтынушылар құқығын қорғау Департаментінің бір балаға арналған тамақтану нормасын сақтау бүгінгі күні мүмкін емес. Оған себеп – азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы болып отыр.
«Әрине біз осы дағдарыс кезеңінде ата-ана төлемақысының мөлшерін 100% - ға көтеру әлеуметтік шиеленіске толы екенін түсінеміз. Бірақ біз сондай-ақ 2017 жылғы дейгейде өлшемді қалдыра алмаймыз. Біздің ойымызша азық-түлік бағасын ескере отырып, біздің өңір үшін қолайлы баға күніне 800 теңгені немесе айына 16800 теңге (21 жұмыс күні) құрайды», - деп есептейді кәсіпкерлер.
Ал әкім орынбасары бұл мәселені шешуде алдымен ата-аналар арасында сауалнама жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, балабақша төлемінің бағасын көтеруде ата-аналардың жағдайына да қарау керектігін айтып өтті.